Татарстан республикасы мен Қызылорда облысының әкімі меморандумға қол қойды

448924557 767996328854947 878278943759429105 n

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Татарстан Республикасының Қазан қаласында Татарстан Республикасы Раисының қатысуымен өткен «БРИКС+» елдері қалаларының халықаралық форумында өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.

Форум аясында Елабуга муниципалды ауданымен бауырластық қатынас орнату туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойылды. Елабуга ауданында Еуропадағы алдыңғы қатарлы «Алабуга» арнайы экономикалық аймағы орналасқан. Осы құжат шеңберінде «Алабуга» арнайы экономикалық аймағымен ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасу басталады деп жоспарлануда. Облыс әкімі екі ел арасындағы ынтымақтастық әлеуметтік-экономикалық дамуға септігін тигізетінін айтып, көрсетілген қонақжайлыққа алғысын білдірді.

«Қазақстан мен Татарстанның бауырлас халықтары әлеуметтік-экономикалық дамудың көптеген саласында табысты ынтымақтасады. Оның ішінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Татарстанның бірқатар жоғары оқу орындарымен, атап айтқанда, Қазан (Еділ) федералды университетімен, Қазан ұлттық технологиялық зерттеу университетімен және Қазан мемлекеттік мәдениет институтымен тығыз жұмыс істейді. Татарстан университеттеріндегі Қызылорда студенттері магистрлік және докторлық диссертацияларын қорғайды. Профессорлар алмасу, дәрістер оқу және бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру жолға қойылған. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған «500 ғалым» жобасы аясында біздің университеттің үш ғалымы ғылыми тағылымдамадан өтуде. Мәдениет саласындағы ынтымақтастық жылдар бойы жалғасуда. Татар этномәдени бірлестігі – біздің өңірдегі ең белсенді бірлестіктердің бірі, облыстың әлеуметтік-мәдени өміріндегі барлық маңызды іс-шараға қатысады.

Облыстың басты артықшылықтары – көлік-логистикалық әлеуеті, минералдық-шикізат ресурстарының бай қоры, агроөнеркәсіптік кешенді және жаңартылатын энергия көздерін дамыту мүмкіндіктері.

Жалпы облыс аумағында қара және түсті металдардың, пайдалы қазбалар мен сирек кездесетін элементтердің бай қоры бар. Қазақстанның ванадий қорының 66%-ы, мырыштың 16,4%-ы, қорғасынның 11,1%-ы және уранның 14,7%-ы Қызылорда облысында. Өңірге жаңа жобаларды орналастыру үшін 6 индустриялық аймақ жұмыс жасауда» – деді ОБЛЫС ӘКІМІ НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ.

Іс-шарада аймақ басшысы форум қатысушыларын бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

14 − десять =

АЙДАРЛАР

Басқа да мақалалар