Маусым айының үшінші жексенбісі – медицина саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков саладағы тың жаңалықтармен бөлісті, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Бүгінде Сыр өңірінде 150-ден астам медицина ұйымы бар болса, онда 3000-ға жуық дәрігер мен 11 мыңнан астам орта буынды маман қажырлы еңбек етіп келеді. Бұдан бөлек, Сыр медицинасын серпінді дамыту мақсатында аймақ басшысының қолдауымен өткен жылы 21 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілсе, биыл 17 медицина ұйымының іргетасы қаланды. Сонымен қатар, облыс орталығында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүргізілуде. Осы және өзгеде саладағы жағымды жаңалықтар туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков БАҚ өкілдеріне баяндап берді.
Сыр медицинасының әлеуетін арттыру мақсатында 2018 жылдан бүгінге дейін сұранысқа ие мамандықтар бойынша 155 резидентке, 162 жалпытәжірибелік дәрігерді даяулау мақсатында облыс әкімінің арнайы гранты бөлінген болатын. Осының нәтижесінде, 2023 жылы 590 дәрігер, 738 орта буынды медицина қызметкері біліктіліктерін арттырып, тәжірибе жинады. Ал биыл облыстаға 10 реаниматолог, 5 кардиолог маман Түркия елінде өз білімдерін жетілдірді.