Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі аясында «Наурызнама» онкүндігінің екінші күні қайырымдылық шараларымен жалғасты, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Аудандық «Қармақшы ата» мешіті алаңында «Наурыз мейірімі» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.
Игі шараға аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов, аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов және «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Рахат Қожанов қатысып, ізгі тілектерін білдірді. Акция барысында әлеуметтік қолдауды қажет ететін 50 отбасыға азық-түлік қоржындары таратылды.
Акция ауданның барлық елді мекендерінде жалғасын табуда. Жоспар бойынша қосымша 100 отбасыға азық-түлік қоржындары таратылуда.