Сыр өңірінде Ұлыстың ұлы күнін кеңінен насихаттауға арналған мәдени іс-шаралар көптеп ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Наурыз мейрамы – халқымыз үшін жыл басы саналатын жақсылық пен шаттыққа толы ерекше мереке. Бұл күні ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, салт-дәстүрлеріміз кеңінен дәріптеліп, табиғат қайта жанданады. Күн мен түн теңелетін Ұлыстың Ұлы күні Сыр өңірінде ерекше аталып өтілмек. Атап айтқанда, 14-23 наурыз аралығында облыстың мәдениет ұйымдарында Наурыз мейрамын кең көлемде насихаттауға арналған 700-ге жуық мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылмақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова мәлімдеді.
– Халқымыз үшін ерекше саналатын Наурыз мейрамын кең көлемде атап өту үшін облыс көлемінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, облыс кітапханалары мен музейлерінде ашық есік күндері, тақырыптық көрмелер өтеді. Сондай-ақ, музейге келушілер этнографиялық залдарда салт-дәстүрлерімізбен жақын танысуға мүмкіндік алады. Ал, 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүрлер күні С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, креатив суретші Дәулет Тойшыбавтың «Кілем арт» атты заманауи кілем бетіне сурет салу өнер көрмесі мен «Анаға тағзым» орталығында қазақтың салт-дәстүрінен арнайы рәсімдер өтеді. Сондай-ақ, «Ақмешіт» музейі филиалында «Ұлы даланың ұлық мерекесі» атты мерекелік шара, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында балалар қойылымы және барлық мәдениет ұйымдарында ұлттық салт-дәстүрді насихаттауға бағытталған іс-шаралар, мәдениет үйлері мен клубтарда ұлттық фильмдердің көрсетілімдері өткізіледі. 18 наурыз – Ұлттық киім күнінде «Анаға тағзым» орталығында «Этно FASHION» ұлттық киімдерден сән үлгісі фестивалі ұйымдастырылса, «Отбасы орталығында» ұлттық киімдер дефильесі өтеді. Айта кетейік, әлеуметтік желілерде ұлттық киімдерді дәріптеу үшін арнайы челлендж ұйымдастырылады. Ең басты күн 22 наурызда негізгі шара қаладағы Тараз көшесі бойында өтеді. Осы Наурыз мерекесінде Өнер орталығының алдында «Руханият ауылы» ұйымдастырылып, онда киіз үйлер тігіліп, креативті қолөнер шеберлерінің сауда көрмелері, музей, кітапхана, архив салалары бойынша тақырыптық көрмелер, ұлттық киімдерден дефиле, салт-дәстүрлерден көріністер, жыршы-жыраулардың, дәстүрлі орындаушылардың концерті өтеді, – деді ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ, АРХИВТЕР ЖӘНЕ ҚҰЖАТТАМА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ МИРА ҚАЗБЕКОВА.
Айта кетейік, биыл Байқоңыр қаласында мемлекеттік және ұлттық мерекелерді өткізу бойынша негізгі іс-шаралар жоспары әзірленген болатын. Осыған сәйкес, 23 наурыз күні Байқоңыр қаласында өтетін Наурыз мерекесінде облыстық филармонияның концерті ұйымдастырылады.