Жазасын өтеу барысында орта білім алған сотталғандарға аттестат берілді, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Рәсімге облыс бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №37 мекемесінде Шиелі ауданы білім бөлімі кешкі мектеп мұғалімдері және мекеме қызметкерлері қатысты.
Сотталғандарға орта білім алғаны туралы аттестатты кешкім мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Ә.Байтілеуова табыстады.
– Қылмыстық-атқару кодексінің талаптарына сай 30 жасқа дейінгі сотталғандарға орта білім алу міндеттелген. Мекемеде орта білімі жоқ 9 сотталғанның бесеуі 11-сыныпты бітіріп жатыр. Қалған сотталғандар орта білімін одан әрі жалғастырады. Қазір шыны керек түзелемін деген адам үшін біраз жағдай жасалған. Мұның барлығы шалыс басқан жандарды түзу жолға бастау, бостандықта өз жолын табуға мүмкіндік жасау, – деді жасақ бастығы АЙҒАРА СҰЛТАН.
– Жастық шақта аңғалдығымнан жаза басып, құқық бұзғандығым үшін жазамды өтеудемін. Осының салдарынан орта білімім де жоқ болатын. Мекеме қызметкерлерінің көмегімен кешкі мектепте білім алдым. Сол мектеп ұстаздарының табанды еңбегінің нәтижесінде орта білімімді растайтын құжат алып отырмын. Осы үшін мекеме әкімшілігі мен кешкі мектеп ұстаздарына алғысымды білдіремін, – дейді ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ.